"ХАН-СҰҢҚАР" таңғажайып
ертегілері желісінен

Балаларды жалмауыз кемпірден құтқарған Өскенбай туралы ертегі

Баяғыда бір бақытты жанұяның ақылды баласы болыпты. Ол ертегі тыңдауды, ойын ойнауды жақсы көреді екен. Оның жасы онда болыпты. Ауыл адамдарының барлығы оны ақылды Өскенбай деп атапты. Ол өте еңбекқор болыпты. Әке-шешесіне шамасы келгенше жәрдемдесіп жүреді екен. Бірде ол көрші-қолаңның балалары орманға шөпшек теруге барайын деп жатқанын көреді. Өскенбай анасына келіп, шөпшек теруге балалармен орманға барайын деп өтінеді. Анасы баларларды шақырып, қолдарына ірімшік пен жаңа піскен шелпек беріп, менің балам адасып кетіп жүрмесін деп тапсырады.

Балалар орманға барып, шөпшек тере бастайды. Бұтақтарды көтеру оңайға соқпаса да, Өскенбай жылдам жинап, арқасына асып алады. Өзінікін жинап болса да, Өскенбай балаларға көмектеседі. Балалар жинап болып, үйлеріне бет алады. Олар жинаған шөпшектерін арқалап, ақырын аяңдап жүріп келе жатады. Бір мезгілде шаршап, демалуға отыра кетеді. Әңгімемен күннің қалай кешкіріп қалғанын аңғармайды. Қараңғыда балалар қай жаққа барарын, не істерлерін білмей дал болады. Орманнан аулақтап шығады да, жан-жағына құлақ түріп, көз тастайды. Бір жақтан ұлыған қасқырдың дауысы естіледі, ал екінші бір тұстан жарқыраған от көрінеді.

Өскенбай, біздің енді қай жаққа жүргеніміз дұрыс болады? Қасқыр ұлыған жаққа, әлде от көрінген жаққа жүргеніміз дұрыс па – деп, сұрайды балалар. Өскенбай ойланып тұрады да, «Егер қасқыр ұлыған жаққа жүретін болсақ, қасқырлар бізді талап тастайды. Оданда от көрінген жаққа жүрейік» дейді. Сөйтіп балалар от көрінген жаққа жүреді. Олар ұзақ жүріп, жолдағы бір үйге кезігеді. Балалар терезе қағады да, бізге түнеп шығуға рұқсат етіңіз дейді. Есік ашылады да, түрінен адам шошырлық бір жалмауыз шығады. Ол балаларды көріп, бірден жұтып қойғысы келеді. Бірақ, жалмауыз жаны ашығансып: «Үйге кіріңдер, бүгін түнеп шығыңдар. Ертең жүретін жолдарыңды нұсқап жіберермін!» дейді.

Жалмауыз балаларды үйіне кіргізіп тамақ береді. Сөйтіп оларды жатқызады. Ал, өзі балалардың қашан ұйықтап кеткенін күтіп отырады.

Біраз отырады да, «Кім ұйықтап жатыр, кім ұйықтаған жоқ?» деп сұрайды жалмауыз. «Мен ұйықтаған жоқпын» деп жауап береді Өскенбай. «Сен неге ұйықтаған жоқсың?» деп сұрайды жалмауыз. «Анам маған ұйықтар алдында жұмыртқа беретін, ал сен болсаң берген жоқсың» дейді Өскенбай. Жалмауыз жұмыртқа әкеліп, оны пісіре бастайды. Піскен соң, «Мә, саған жұмыртқа, же де ұйықта» дейді. Өскенбай жұмыртқаны жеп, жатып қалады. Ал, жалмауыз оның ұйықтағанын күтіп отырады. Отырып, отырып «Кім ұйықтап жатыр, кім ұйықтаған жоқ?» деп сұрайды жалмауыз тағы да. «Мен ұйықтаған жоқпын» деп жауап береді Өскенбай. «Неге ұйықтамайсың?» деп сұрайды жалмауыз. Анам маған ұйықтар алдында өзенге барып, тормен су әкеліп беретін. Ал, сен маған су әкеліп берген жоқсың. Жалмауыз торды алып, өзенге су алуға кетеді. Өзеннің жағасына барып, тормен суды шайпай бастайды. Суды алып барсам, ол бірден ұйықтап кетеді деп ойлайды ішінен. Ал, Өскенбай балаларды оятады да, «Мына жалмауыз бізді жұтып қойғысы келіп жүр. Тұрыңдар! Тұрыңдар! Қашайық!» дейді. Балалар, орындарынан жаппай ұшып түрегеледі де, үйден шығып кетеді. Ақырын ғана өзен жаққа бет алады. Жаңағы жалмауыздың су серпіп отырғанын көреді. Балалар оны жайлап, сырт айналып өтеді де, өзеннің арғы бетіне жүзіп шығады. Жалмауыз кемпір қаншалықты әуреленіп суды тормен алмақ болса да, торға су тоқтамайды. Суды тормен алудан күдерін үзген жалмауыз кемпір әбден жалығады. Торды лақтырып жібереді де үйіне қайтпақ болады. Кенеттен ол, өзеннің арғы жағында кетіп бара жатқан балаларды көреді. Балаларды артынан қуғысы келеді. Бірақ, өзеннің арғы бетіне шығуды да, малтауды да білмейді. Судан жүгіріп өтпекші болған жалмауыз суға батып кетеді. Сөйтіп балалардың барлығы аман-есен үйлеріне оралған екен.

Осымен ертегі аяқталды. Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет.