"ХАН-СҰҢҚАР" таңғажайып
ертегілері желісінен

Сыйқырлы сандық пен Өскенбай туралы ертегі

Күн суытып, қар жабуға даярланып жатқандай. Күз мезгілінің суық күндері жетіп, өсімдік жапырақтары сарғая бастаған кез екен. Өзен жағасында орналасқан алма бақта, ауызбіршілігі жарасқан жанұя тұрады екен. Олардың Өскенбай деген баласы болыпты. Ол ертегі тыңдауды, кітап оқуды, ойын ойнауды жақсы көреді екен. Оның жасы онда болыпты. Алма бақтың ағаштарын аялап, өсімдіктерін суарып, ата-анасына көмектесіп жүреді екен.

Бір күні Өскенбай қураған ағаш бұтақтарын жинап, үйіне қайтып келе жатса, өзен бойындағы қара ағаштың түбінде екі күшік бүрісіп жатқанын көреді. Тұмсықтары қызарып, әбден тоңып қалыпты. Өскенбай жинаған шөпшектерін сол жерге қалдырып, екі күшікті үйлеріне алып келеді.

Күшіктердің қарындарын тойдырып, үйшік салып береді. Көп ұзамай күшіктер күш жинап, ойнақтай бастайды. Бірінші күшік ала аюдың қонжығы сияқты, домаланған топ-томпақ болыпты. Төбесінен патша тәжісіндей оюды байқаған Өскенбай, оған - Хан деген ат қойыпты. Екінші күшіктің сырт пішіні шымқай ақ сұңқарға ұқсағандықтан, қыран, әрі ақылды болсын деген мақсатпен оны - Сұңқар деп атаған екен.

Күшіктер бір ұяны паналап, бір ыдыстан тамақ ішіп, қайда барса да бірге жүреді екен. Хан-Сұңқар, Хан-Сұңқар, Хан-Сұңқар деп жиі атай бергендіктен, екі күшіктің аты біртұтас естілетіндей болыпты. Өскенбай енді алма бақтың ішінде күшіктерімен бірге қыдырады екен. Арада күндер өтеді, айлар өтеді. Күздің самалы кетіп, қыстың суығы басталады. Мектептен келген Өскенбай, ата-анасына жәрдемдесіп, күшіктерімен бірге алма бақтың ауласын қардан тазазап жүреді. Бір уақытта, екі күшік бір алма ағашының түбіне келіп, Өскенбай, Өскенбай, Өскенбай деп шақырғандай үре бастайды. Күшіктерінің дауысын естіген, Өскенбай, ата-анасын шақырады. Бір заманда барлығы алма ағашының түбіне жиналып, аң-таң болып қалады. Екі күшік, алма ағашының түбіндегі аппақ қардың астынан үлкен сандықты тауып алыпты. Сандық қарапайып емес, сыйқырлы екен. Ауызы жабық, кілті жоқ. Сандықтың сыртында: "Бұл сандықты жүрегі таза, мектепте жақсы оқитын, ата-анасының мақтанышы бола білген баланың қолы ғана аша алады" деп жазылыпты.

Ата-анасы баласына қарап, Өскенбай, сен мектепте жақсы оқисың, білімге деген құштарлығың бар. Кезінде тоңып жатқан күшіктерді де суықтан сен құтқарып алғансың. Жүрегің таза, біздің нағыз мақтанышымыз сенсің деген екен. Өскенбай, ата-анасын құшақтап, бір қолын сандықтың үстіне тигізеді. Осы кезде сиқырлы сандық жарқырап ашылады. Ішіне қараса, ат басындай алтын, бағалы әшекейлер және күміс теңгелер жатыр екен. Барлығы қуанып, сиқырлы сандықты үйлеріне апарыпты. Барлық қазынаны жанұяның игілігіне жаратып, жақын туысқандарына көмектесіп, бай өмір сүре бастапты. Осылайша екі күшік ауладағы төрт түліктің қорғаны, ал иелеріне адал достары ретінді жұртқа танымал болған екен.

Осымен ертегі аяқталды. Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет.