"ХАН-СҰҢҚАР" таңғажайып
ертегілері желісінен

Киелі ағаш пен Мұхаметбек туралы ертегі

Бір жанұя жер алып, жаңа үй салыпты. Үйдің киесі болсын деп, ауласына ағаш отырғызыпты. Ағаштың өзегі қатқанша уақытымен суарып, аялап өсірген екен. Ағаш бой алып, жапырағын жая бастаған кезде жанұяда Мұхаметбек деген нәресте дүниеге келіпті. Мұхаметбек күн емес, сағат сайын өсіпті. Оның жасы жетіде болған кезде, жасына қарамай ақылды, әрі инабатты бала болыпты. Ол асық ойнауды, мал бағуды және ата-анасы отырғызған ағаштың түбінде отырып, құстардың сайрауын тыңдағанды жақсы көреді екен.

Мұхаметбек бір күні аулада ойнап жүріп, ағаш бұтақтарына қонған құстардың бір-бірімен адамша сөйлесіп отырғанын байқайды. Ол таңғалып, қызықтап қалады. Құстар киелі ағаштан көмек сұрауға келіпті. Олардың балапандары қоныстанған ұяны ала мысық жағалап, мазаларын әбден алған екен.

Мұхаметбек ала мысықтан қорықпайтынын және қуалап жібере алатындығын айтып, қол ұшын берейін дейді. Құстар қуанып, ағаш бұтақтарынан шыр-шыр ұшып, өздерінің ұясы орналасқан жаққа бет алады. Мұхаметбек қолына ұзын шыбық алып, ілесіп жүріп отырып құстардың ұясына жетеді. Ұядағы балапандар қатты шырылдай-шырылдай әбден шаршаған екен. Ұяның астында үлкен ала мысық тісін қайрап, балапандарды жеуге оқтаныпты. Ала мысық ұзын шыбықты көре сала зәресі ұшып, мяулап қаша жөнеледі. Құстар ұядағы шырылдап жатқан балапандарына тамақ беріп, тыныштандырады.

Мұхаметбек киелі ағашқа келіп құстардың балапандарын ала мысықтан қалай құтқарғанын айта бастайды. Осы уақытта құстар шыр-шыр етіп қайта ұшып келеді. Әлгі ала мысық қайтадан оралып келген екен. Мұхаметбек шыбығын алып ала мысықты қуып келеді. Бірақ, Мұхаметбек ұялардың жанынан кетсе болғаны ала мысық қайта-қайта оралып келе береді екен. Мазасы кеткен Мұхаметбек, киелі ағашқа болған жайды айтып ақыл сұрайды. Киелі ағаш ойланып тұрып, Мұхаметбек, сен аулада байланып тұрған итіңді балапандардың ұясы қоныстанған жерге апарып байла. Иттің иісі бар жерге мысық жоламайды деген екен.

Мұхаметбек ауладағы итін құстардың ұясының маңына апарып байлап қояды. Ала мысық иттің иісін сезіп ұяға жоламайтын болыпты. Осы күннен бастап киелі ағаштан көмек сұрап келген құстарға Мұхаметбек шамасы келгенінше қол ұшын береді екен.

Осымен ертегі аяқталды. Назар салып тыңдағандарыңызға рахмет.